Алматы әуежайында Италиядан әкелген құмырсқалар тәркіленді
Оларды әкелген адамда рұқсат құжаттары болмаған
Алматы халықаралық әуежайында құмырсқалар салынған контейнер анықталды, деп хабарлады МКК.
Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті «Жетісу» кеден бекетінің қызметкерлері қорапқа салынған кондитерлік өнімдерді тексерді. Олар Италиядан әкелінген. Алайда оның ішінде құмырсқалар салынған 7 пробирка мен 22 пластикалық контейнер болған. Заттар тәркіленді.
Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының 2015 жылғы 21 сәуірдегі №30 шешімінің 2.6-тармағына сәйкес, 01-топқа жататын Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы коды бойынша жабайы тірі жәндіктер ЕАЭО-ның кедендік аумағына рұқсатпен өткізілуге тиіс.
Құмырсқаларды әкелген адамда рұқсат құжаттары болмаған. Бұл факті бойынша материалдар процестік шешім қабылдау үшін уәкілетті мемлекеттік органға жіберілді. Жәндіктердің не үшін елімізге әкелінгені анықталады.
Мемлекеттік кірістер органдары тыйым салынған және шектелген тауарлардың, оның ішінде әскери және қос мақсаттағы тауарлар тексерілетінін ескертеді.