Кеңес барысында реттеушілік әсерді талдау нәтижелері айтылды
Антикорда төрағаның бірінші орынбасары Д.М. Малаховтың басшылығымен сыбайлас жемқорлық үшін заңды тұлғалардың әкімшілік жауапкершілігін күшейту бойынша реттеушілік әсерді талдау нәтижелерін қоғамдық талқылау мақсатында кеңес өткізілді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Аталған кеңеске агенттіктің қоғамдық кеңес мүшелері (М.С. Башимов, И.Ш. Борчашвили, Т.М. Нәрікбаев және т.б.) және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері (Кәсіпкерлерді құқықтық қорғау департаментінің директоры А.Е. Құсайынов және оның орынбасары К.М. Шұғаев), сондай-ақ агенттіктің қызметкерлері қатысты.
Ведомство әзірлеген «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасымен ӘҚБтК-нің 678-бабына («Заңды тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беруі») мемлекеттік қызметкерлерді және оларға теңестірілген өзге де тұлғаларды параға сатып алғаны үшін заңды тұлғалардың әкімшілік жауаптылығын күшейту бойынша түзетулер енгізіледі.
Кәсіпкерлік кодекске сәйкес, әзірлеуші мемлекеттік орган кәсіпкерлік субъектілерінің жауапкершілігі қатаңдатылған жағдайда реттеушілік әсерге талдау жүргізеді.
Осыған байланысты, кеңес барысында реттеушілік әсерді талдау нәтижелері айтылды. Оның ішінде ӘҚБтК-нің 678-бабына енгізілетін өзгерістер талқыланып, заңды тұлғалардың әкімшілік жауапкершілігін күшейту себептері түсіндірілді.
Қоғамдық кеңестің төрағасы М.С. Башимов агенттіктің заңнамалық бастамасының өзектілігін атап өтті, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП өкілі А.Е. Құсайынов та ұсынылған тәсілдерді қолдады.
Өз кезегінде төрағаның бірінші орынбасары Д.М. Малахов ұлттық заңнамаға халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды енгізудің маңыздылығын атап өтті.