Олардан қазанға қақпақ және күрек жасайды
Жыл басынан бері Қазақстанның республикалық маңызы бар жолдарында шамамен 20 млн теңгенің жол белгілері ұрланды, деп хабарлады QazAvtoJol.
Ұлттық компания мәліметінше, жол бойынан көбінесе жол белгілері, үй жануарларының жолға шығып кетуінен қорғайтын торлы қоршаулар, катафоттар мен стробоскоптар ұрланады.
Адамдардың жарық бағыттайтын 2 үлкен трансформаторды ұрлаған деректері де тіркелген.
Ұрланған жол белгілері көбінесе тұрмыстық мақсатта қолданылады: төртбұрышты жол белгілерінен күректер, дөңгелек пішінді жол белгілерінен табалар мен қазандарға арналған қақпақтар жасап алады. Ал үй жануарларының жолға шығып кетуінен қорғайтын торлардан үй қоршаулары жасалса, жарықдиодты катафоттар велосипедтерге бекітіледі, - деп жазылған хабарламада.
QazAvtoJol мамандары ұрлық біртіндеп азайып келе жатқанын айтты.
Өткен жылдармен салыстырғанда жол белгілерін ұрлау фактісі азайып келеді. Мысалы, 2021 жылы шығын 60 млн теңгеден асқан болатын, - деп жазылған хабарламада.
Биыл жолшылар 8 мыңға жуық жаңа жол белгісін, 19 мың дана катафот, 3,5 мың шаршы метр шу жолағын, 10 мың сигнал бағанасын орнатты.
Сондай-ақ 9,7 мың метр тосқауыл қоршауы орнатылып, 23 мың шақырымнан аса таңба сызығы жаңартылды. 179 автопавильон және демалыс алаңдары жөнделді.
Жүргізушілер жол қозғалысы ережелерін сақтауы үшін республикалық жолдарда 300-ден аса жаңа ақпарат панносы орнатылды.