Halyq Uni логотип
×

Ақтөбе облысында 4 мыңнан аса әйел сенім телефоны арқылы көмек сұраған

2 мың 180 адам жауапқа тартылды

 Динара Амантай 23.08.2023 | 10:26
Ақтөбе облысында 4 мыңнан аса әйел сенім телефоны арқылы көмек сұраған
Фото: Halyq Uni

Жыл басынан бері Ақтөбе облысында 4 мыңнан астам әйел сенім телефоны арқылы көмек сұрады, деп хабарлады Polisia.kz.

Бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылықты әлемдік қауымдастық арнайы шешу және ескерту шараларын қажет ететін әлеуметтік мәселе ретінде қарастырады. Бұл мәселені шешу үшін полиция департаментінде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесі жұмыс істейді. Оның мақсаты – әйелдерді құқыққа қарсы әрекеттерден қорғау, зорлық-зомбылық фактілерінің алдын алу және жолын кесу мәселелерінде құқықтық көмек көрсету.

Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторлар тек Ақтөбе қаласында ғана емес, аудандарда да бар. Бұл әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық фактілеріне жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Осы бөлімшенің қызметкерлері тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған немесе оны жасау қаупі төнген құқық бұзушыларға қатысты өз бетінше қорғау нұсқамаларын шығара алады. Сонымен қатар, олар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жәбірленушілерге құқықтық, психологиялық, әлеуметтік көмек көрсетеді.

Жыл басынан бері әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелерінің инспекторлары сенім телефондары арқылы 4 мыңнан астам әйелге кеңес берді. Өмірлік қиын жағдайға тап болған 250 зардап шегуші дағдарыс орталықтарына жүгінді. Нәтижесінде 12 адам қылмыстық жауапкершілікке, 2 мың 180 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полицейлер облыс тұрғындарынан отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы зорлық-зомбылық фактілері туралы уақытылы хабарлауды сұрайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісін тоқтату және құқық бұзушыны жауапқа тарту үшін полицияның «102» телефонына, сондай-ақ «150» сенім телефонына қоңырау шалу қажет.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама