Halyq Uni логотип
×

Көшпенділер ойындары үшін Астанада арнайы жаңа нысан салынбайды

«Астана Арена» стадионы, «Алау» мұз сарайына жөндеу жүргізіледі

 Халық үні 23.08.2023 | 09:38
Көшпенділер ойындары үшін Астанада арнайы жаңа нысан салынбайды
фото: primeminister.kz

Вице-премьер Тамара Дүйсенованың төрағалығымен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық жөнінде отырыс өтті. Отырысқа Астана қаласы әкімдігі мен Мәдениет және спорт министрлігінің Астананың спорт инфрақұрылымының шараға дайындық деңгейі туралы ақпараты тыңдалды.

Отырыс барысында Тамара Дүйсенова V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында жарыстар өткізу үшін Астана қаласында қолданыстағы спорт нысандары пайдаланылатынын, арнайы жаңа нысандар салынбайтынын атап өтті.

Елорда әкімдігінің деректеріне сай осы халықаралық іс-шараға дайындық аясында «Астана Арена» стадионы, «Алау» мұз сарайына жөндеу жүргізіледі. Сондай-ақ бюджеттен тыс қаражат есебінен елордалық «Қазанат» ипподромын реконструкциялау жоспарланған.

Еске сала кетейік, 2024 жылы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу эстафетасы Қазақстанға берілді. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары (World Nomad Games) – этникалық спорт түрлері бойынша халықаралық жарыс. Оған Орталық Азияның тарих бойынша көшпелі халықтарының ұлттық ойындары негіз болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама