Жастардың жобасын іске асыруға 11,4 млрд теңге бөлінді

Дәурен Ерболат

Қаржы кәсіп ашқандарға беріледі

Фото: Halyq Uni

Елімізде жастарға жеңілдікпен 11,4 млрд теңге шағын несие берілді, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы жастарға жеңілдікпен шағын несие беру тетігі іске қосылған.

Биыл 10 тамыздағы жағдай бойынша 5,3 мыңнан аса өтінім түсіп, 3 344 жоба мақұлданды. 2 577 жобаны іске асыруға 11,4 млрд теңге несие берілді. Қалған жобалар да қаржыландырылады.

Несие алушылардың басым көпшілігі – мал шаруашылығы, қызмет көрсету, сауда, өсімдік шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп салаларындағы жобаларды іске асырушылар.

Айта кетейік, несие 21-35 жас аралығындағы қазақстандықтарға өз кәсібін ашуға немесе оны кеңейтуге беріледі.

Биыл жалпы 5 796 шағын несие бойынша 29 млрд теңге беру жоспарланып отыр.