Шаруалар аптап ыстық пен су тапшылығы салдарынан шығынға ұшыраған
Жамбыл облысының 6 ауданында өңірлік деңгейдегі табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Премьер-министр Әлихан Смайыловтың өкімімен «Азаматтық қорғау туралы» заңның 48-бабына сәйкес, Жамбыл облысының Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Тұрар Рысқұлов және Талас аудандарында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Осыған сәйкес, облыстың аталған аудандарында ауа-райының қалыптан тыс ыстық болуы және судың тапшылығы салдарынан болған шаруалардың шығынын өтеуге Үкіметтің төтенше резервінен қаражат бөлу мәселесі өз шешімін табады, - деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, биыл өңірде суармалы судың жетіспеушілігі мен ауа температурасы нормадан жоғары болды. Осыған байланысты дақылдардың шығыны өткен жылмен салыстырғанда 25-30% төмендейді деген болжам жасалды.
Биыл шілденің ортасында премьер-министрдің төрағалығымен өткен кеңесте облыс басшылығының бастамасымен өңірлік төтенше жағдай жариялау туралы мәселе көтерілген еді.
Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына Ауыл шаруашылығы, Қаржы, Төтенше жағдайлар министрліктерінің, Экология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің, «Қазсушар» Жамбыл облыстық филиалының және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері енді.
Жұмыс тобы егіс алқаптарын аралап, жергілікті жерлердегі жағдаймен танысып, шаруа қожалықтарының өкілдерімен кездесті. Сондай-ақ Үкімет басшысы Әлихан Смаилов облысқа жұмыс сапары барысында жергілікті шаруалармен кездесіп, мәселемен танысты.
Жұмыс тобы Үкіметке өңірлік сипаттағы төтенше жағдай жариялау және шаруа қожалықтарының шығынын өтеуге қаржы бөлу туралы ұсыныс енгізіп, ол қолдау тапты.
Бүгінде облыстың 6 ауданы (Қордай, Меркі, Тұрар Рысқұлов, Талас, Байзақ және Жамбыл) шығынды анықтау үшін ғылыми зерттеу институттарымен бірлесіп, жұмыс істеп жатыр.