Мектепке қосалқы құрылыс жасау мерзімін бұзған мердігерге 6,5 млн теңге айыппұл салынды
Құрылыс жұмыстары өткен жылдың қараша айында аяқталуға тиіс болатын
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин №9 мектеп-интернаттың жанында салынып жатқан қосалқы құрылыстың барысымен танысты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған нысан бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары 2021 жылдың шілдесінде басталып, өткен жылдың қараша айында аяқталуға тиіс болатын.
«Barat & Co» ЖШС мердігерлік ұйымына қатысты жұмыс өндірісінің бұзылуы және сапасыз материалдарды қолдану фактілері бойынша 2022 жылғы желтоқсанда Алматы әкімдігі сотқа талап арыз берді. Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 26 маусымдағы №7527-23-00-2/3201 шешімімен «Barat & Co» ЖШС мердігеріне 6,5 млн теңге айыппұл салынды. Мердігер ұйымдарға 2023-2024 жаңа оқу жылына барлық жұмыстарды аяқтау тапсырылды, – делінген әкімдік хабарламасында.
Бүгінде нысанның 99%-ы дайын. Инженерлік желілерді құрылыс алаңының астынан, сыртқы қабырғалар мен ішкі бөлімдерден көшіру бойынша жұмыстар аяқталды. Әрлеу жұмыстары, терезе блоктары, шатыр, сыртқы қасбет және аумақтың периметрі бойынша қоршаулар орнатылып, сумен жабдықтау, су бұру және жылумен жабдықтаудың инженерлік желілері қосылды.