Екі ел басшылары керамика бұйымдарын шығаратын Чу Дао деревнясына бірге барды
Қазақстан мен Вьетнам президенттері керамика бұйымдарын шығаратын деревняға барды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Во Ван Тхыонг Хайзыонг провинциясында орналасқан керамика бұйымдарын шығаратын Чу Дао деревнясына бірге барды. Екі ел басшылары дайын өнімдерді қарап көріп, керамика бұйымдарын дайындау процесімен танысты. Содан кейін президенттер арнаулы станокта қыш құмыра жасап көрді.
Қазақстан мен Вьетнам президенттері деревняны аралап көргеннен кейін дайын өнімдерге және құрметті қонақтар кітабына қолтаңбаларын қалдырды.
Айта кетсек, Чу Дао – тарихы біздің дәуіріміздің XII ғасырынан бастау алатын керамика бұйымдарын дайындаудың көне вьетнамдық әдісі. Бұл қолөнер XIV-XV ғасырларда дамып, XVII ғасырда жоғалып кеткен. Алайда 80-жылдары Ыстанбұлдағы Топкапы музейінен Чу Дао шеберінің қолынан шыққан құмыра табылды.
2001 жылы Ханой сауда корпорациясы осы ежелгі қолөнерді қайта жаңғыртып, көне технология негізінде толыққанды өндірісті жолға қойды.