«Қырым көпіріне қауіп төніп тұр»: АҚШ-тың реактивті жүйелері Украинаға жетті
Украинаның бір топ әскери қызметкері Қырым көпірін қирату үшін АҚШ-тың Германия жеріндегі «Рамштейн» әскери базасында болып қайтты
АҚШ-тың Қырым көпіріне дейін жететін реактивті жүйелері Украинаға әкелінді.
DonPress агенттігінің хабарлауынша, АҚШ-тың залппен атылатын M142 HIMARS және M270 MLRS реактивті жүйелері Украинаға келді. Олардың ұшу қашықтығы 300 шақырымға жетеді.
«Енді Украинаның әскері реактивті жүйелерді қолдана алады. Ресей алаңдай бастады. Өйткені, Қырым көпіріне қауіп төніп тұр. Жақында Украинаның бір топ әскери қызметкері Қырым көпірін қирату үшін АҚШ-тың Германия жеріндегі «Рамштейн» әскери базасында болып қайтты», - делінген хабарламада.
Қазір Украинаның оңтүстік-шығысында кескілескен шайқас болып жатыр. Украин армиясы Циркунды азат етіп, Харьковтың солтүстігіндегі аймақты кеңейте түсті. Ендігі жоспар - Северный Донец өзенінің шығысы мен Изюмнің батыс жағындағы жерді қайтарып, әрі қарай шабуыл жасау. Бұдан басқа Украина Қарулы күштерінің Запорожье облысында қарсы шабуылға шығатыны хабарланды. Ал Попасная елді-мекені Ресей әскерінің қолына өтті. Украин сарбаздарының бұл жерді әдейі қалдырып кетті деген дерек бар.
Өйткені, Попаснаяда ештеңе қалмады. Елді-мекен жермен жексен болды. Одан Украина Қарулы күштері қарсы шабуыл жасау үшін алдын ала қорғана алатын жерге әдейі кетті, - делінген хабарламада.
Шетелдік әскери сарапшылардың айтуынша, Украина армиясының жақын арада Харьков облысында да қарсы шабуыл жасап, жауларын шекара шебінен қуып тастауға мүмкіндігі бар.