CMC корпорациясы Қазақстанда энергетикалық жобаларды іске асыруға ниетті

Динара Амантай

Кәсіпорынның өнімдері мен қызметтері әлемнің 160-тан астам елінде ұсынылған

Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Әлихан Смайылов пен China National Machinery Import & Export Corporation (CMC) вице-президенті Чжао Чжэнсян энергетика саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Үкімет басшысы Қазақстан таяу жылдары энергетикалық жүйені біріктіруді аяқтап, экономика мен халықтың электр энергиясына қажеттілігін толық қамтуды жоспарлап отырғанын атап өтті. Атап айтқанда, республиканың электр энергетика саласын дамыту жөніндегі тиісті тұжырымдама қабылданды.

Қазір қолданыстағы электр станцияларын жаңғырту бойынша жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл 2027 жылға қарай 1 мың 700 МВт-тан астам қуатты іске қосуға мүмкіндік береді. Биыл Екібастұз ГРЭС-1-де №1 энергоблокты қалпына келтіру аяқталады. Бұл алдағы күзгі-қысқы маусымда қосымша 500 МВт-пен қамтамасыз етпек.

Сонымен қатар Көкшетау және Семей қалаларында жаңа жылу электр орталықтарын салу жоспарланған. Ұлттық электр желісін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, Батыс энергетикалық аймағының электр желілерін күшейту жобасын аяқтау жоспарланған және Оңтүстік аймақтың электр желілерін күшейту бойынша жоба әзірленіп жатыр.

CMC-тің Қазақстанға инвестициялау бойынша тәжірибесі бар. Біз компанияның энергетикалық жобаларға қатысу арқылы инвестиция ауқымын кеңейту жөніндегі ниетін құптаймыз, – деді Әлихан Смайылов.

Өз кезегінде Чжао Чжэнсян China National Machinery Import & Export Corporation өзара тиімді шарттарда бірлескен жобаларды әзірлеуге және жалпы орнатылған ынтымақтастықты әрі қарай нығайтуға дайын екенін айтты.

Біз серіктестерімізбен егжей-тегжейлі талқылау өткізіп, қаржылық институттарымыздың қолдауын алдық. Бұл біздің үлкен қызығушылығымызды көрсетеді. Аталған жобаларды жүзеге асырған жағдайда Қазақстан экономикасының дамуына үлес қосу үшін жергілікті мердігерлермен және тауар жеткізушілермен келісімшарт жасаймыз, – деді CMC вице-президенті.

Айта кетсек, China National Machinery Import & Export Corporation қызметі энергетика, көлік, жылжымайтын мүлік, химия және жеңіл өнеркәсіп, инфрақұрылым, кеме қатынасы және т.б. салаларды қамтиды. Кәсіпорынның өнімдері мен қызметтері әлемнің 160-тан астам елінде ұсынылған.