Игерілмей жатқан тағы 7,8 млн гектар заңсыз жер мемлекетке қайтарылды

Динара Амантай

Жергілікті атқару органдардың 515 заңсыз шешімі анықталды

Фото: Halyq Uni

Президент Жолдауын іске асыру аясында 2022 жылдың басынан бастап игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген 7,8 млн гектар ауылшаруашылығы жерлері мемлекетке қайтарылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Атап айтқанда, Қарағанды облысында 1,5 млн гектар ауылшаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды. Қостанай облысында – 738 мың гектар, Ақтөбе облысында – 745 мың гектар, Түркістан облысында – 631 мың гектар, Павлодар облысында – 532 мың гектар.

Республика бойынша жерді пайдаланушыларға қатысты 5,5 млн гектар алаңды қамтитын 2 мың 410 жоспардан тыс тексеру тіркелді. Тексеру нәтижелері бойынша 3,1 млн гектар алаңда жер заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы 1 мың 597 ұйғарым шығарылып, 240,9 мың гектар алаң бойынша 246 материал сот қарауында. Тиісті шаралар қабылданғаннан кейін жерді пайдаланушылар 2,7 млн гектар алқаптағы өз жерлерін игеруге кірісті.

Сонымен қатар, қабылданған шешімдердің заңдылығына қатысты жергілікті атқарушы органдардың қызметіне жүргізілген жоспардан тыс тексерулердің қорытындысы бойынша аумағы 526,3 мың гектар ауылшаруашылығы жерлерін беру туралы жергілікті атқару органдардың 515 заңсыз шешімі анықталып, оның ішінде 135 шешімнің күші жойылды, ал қалған 380 шешімнің күшін жою бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.