Путин парадта мобилизация туралы тіс жармады
Ол соңғы кезде көп айтылып жүрген мобилизация мәселесі туралы ештеңе айтпады. Мобилизация болса Ресей әскері Украинадағы соғысқа жаппай қатысатын еді
Ресей президенті Владимир Путин Мәскеудің Қызыл алаңында Жеңіс күнінің 77 жылдығына байланысты өтіп жатқан әскери шеруде Украинадағы соғысқа қатысты мәлімдеме жасады.
Ол Ресейдің Украинадағы соғысты «мәжбүрлі түрде» бастағанын атап өтті.
«Осы кезге дейін Украина Донбастағы «операцияларын» жиелетіп, Ресейдің мемлекеттік шекарасына қауіп төндірді. Украина басшылығы Қырымға «шабуыл» жасауды ұйымдастырып, тіпті ядролық қару қолдануды ойластырды. Сондықтан Ресей дер кезінде «арнайы операция» жасап, қауіптің алдын алды», - деді ол.
Осы ретте, ол соңғы кезде көп айтылып жүрген мобилизация мәселесі туралы ештеңе айтпады. Мобилизация болса Ресей әскері Украинадағы соғысқа жаппай қатысатын еді.
Ал Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің украин жерінде мобилизациясы болса да соғыста жеңілетінін мәлімдеді. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
Ол Ресей әскерінің Украинаның өздері басып алған жерлерде жергілікті тұрғындарды «мобилизация» жасап, өз қатарына тартқысы келетін әрекетінен түк шықпайтынын айтты.
Ресейге енді ештеңе көмектесе алмайды. Олар тек жеңілістің болғанын тіркейтін уақытты ғана соза алады. Ресей әскерінің біздің жерімізден масқара болып кетулеріне тура келеді, – деді Зеленский.