×

Жалғызбасты, қарт анасы бар: Атырау қалалық соты Бақытгүл Хаменованы үйқамаққа алу себебін түсіндірді

Одан бөлек қылмыстық қудалау органдарынан жасырынбағаны, бұрын сотты болмағаны ескерілген

Бақытгүл Хаменова, фото: azh.kz

Атырау облысының арнайы тергеу соты облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованы үйқамаққа алу туралы шешім шығарды.

Атырау қалалық мамандандырылған тергеу сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, сот ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Хаменеваға қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішін қарады.

Сот күдіктінің жалғызбасты әйел екенін, Атырау қаласында тұрғылықты тұратынын, қылмыстық қудалау органдарынан жасырынбағанын, бұрын сотты болмағанын, кішкентай екі баласын жалғыз тәрбиелеп отырғанын, асырауында қарт анасының болуы, сот оған қатысты процестік заңнамада көзделген шектеулерді белгілей отырып, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау қажет екені туралы қорытындыға келгенін назарға алды, - делінген хабарламада.

Оған тиесілі мүлікті сату, тұрғылықты жері мен елден шығу мақсатында жол жүру билеттерін сатып алу және сол сияқты расталған деректер келтірілмеген.

Бұдан басқа, қылмыстық қудалау органы сотқа күдіктінің өз бетінше не сенім білдірген адамдары арқылы бостандықта қалып, қылмыстық процеске қатысушыларға қысым көрсету арқылы істі толық және объектив тергеп-тексеруге және оны сотта талқылауға кедергі келтіруі мүмкін екенін, сондай-ақ тергеуден және соттан жасырынуы мүмкін екенін растайтын дәлелдемелер ұсынбаған.

Еске салайық, бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Атырау облысы әкімінің орынбасары қамауға алынғанын ресми түрде растады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Атырау облысы әкімінің орынбасары мен мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысына қатысты тергеуді бастады.
Олар Атырау қаласында Абай ескерткішін жасау және орнату бойынша 145 млн теңге сомасына мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы ЖШС басшысынан 4,5 млн. теңге сомасында пара алу күдігіне ілінді, - делінген хабарламада.

Қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 2-бөлігі (Аса ірі мөлшерде пара алу) бойынша тергелуде. Егер Бақытгүл Хаменованың кінәсі сотта дәлелденсе, параның 60 еселенген мөлшерінде айыппұл салынудан бастап мүлкі тәркіленіп, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама