Halyq Uni логотип
×

ШҚО-да көршісінің терезесіне оқ атқан ер адам ұсталды

Күдікті 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін

 Динара Амантай 21.08.2023 | 16:16
ШҚО-да көршісінің терезесіне оқ атқан ер адам ұсталды
Фото: polisia.kz

Шығыс Қазақстан облысында көршісінің терезесіне оқ атқан ер адам ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалған. Алтай ауданының полиция бөліміне қала тұрғыны кешкі уақытта белгісіз біреудің пәтер терезесіне оқ атып, 50 мың теңге көлемінде шығын келтіргені туралы арызданған. Полиция қызметкерлері көрсетілген мекенжайға дереу жетіп, жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында күдіктінің жеке басын анықтап, ұстады.

Күдікті көрші кіреберісте тұратын 23 жастағы жас жігіт болып шықты. Ұсталған адамның үйіне шұғыл тінту жүргізу барысында полицейлер 12 калибрлі екі патронды, ИЖ-18 ЕМ-М бір ұңғылы аңшы мылтығы мен 12 калибрлі үш гильза, сондай-ақ 12 калибрлі 8 патрон тапқан, – делінген хабарламада.

Белгілі болғандай, сол күні кешке ұсталған ер адам жәбірленушіден бір қабат жоғары тұратын көршісімен сөзге келіп қалған. Күдікті аулаға шығып, қарама-қарсы үйдегі көршісінің терезесін көздеген. Көршісіне ренжіген жас жігіт мылтықты нысанаға бағыттаған, алайда атылған оқ басқа тұрғынның терезесіне тиіп кеткен. Кейін сөзге келіп қалған көршісінің терезелері ауланың басқа жағына қарайтыны белгілі болды.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігімен («Бұзақылық») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Аталған бапта 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру немесе шектеу түріндегі жаза көзделген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама