Тоқаев жауынгерлердің рухына тағзым етті
Жеңістің 77 жылдығын 376 ардагер, 68 347 тыл еңбеккері қарсы алып отыр
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Отан Ана» монументіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысты деп Halyq Uni тілшісі Ақордаға сілтеме жасап хабарлады.
«Мемлекет басшысы «Отан Ана» монументіне гүл шоғын қойып, Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің рухтарына тағзым етті.
Содан кейін Республикалық гвардияның оркестрі Мемлекеттік әнұранды орындады. Құрметті қарауыл ротасы Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысының, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің алдынан салтанатты шерумен жүріп өтті.
Рәсім соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ардагерлермен әңгімелесті. Президент оларды Жеңіс күнімен құттықтап, барша қазақстандықтарға зор денсаулық, бақыт, ашық аспан тіледі», делінген хабарламада.
Бұған дейін Президент халықты Жеңіс күнімен құттықтап, сұрапыл соғыстың төл тарихымызда алатын орын туралы айтқан болатын.
Қолда бар мәліметке қарағанда, қазір Қазақстанда Жеңістің 77 жылдығын 376 ардагер, 68 347 тыл еңбеккері ғана қарсы алып отыр. Мемлекет соғыс ардагерлеріне жан-жақты қолдау көрсетіп келеді.