Halyq Uni логотип
×

«Баланың жүйке жүйесіне зиян»: ДСМ қандай мектеп формасын алу керектігін ескертті

Сатушыдан сәйкестік сертификаты мен сәйкестік туралы декларация талап етуге хақыңыз бар

 Еркеғали Болатұлы 20.08.2023 | 13:24
«Баланың жүйке жүйесіне зиян»: ДСМ қандай мектеп формасын алу керектігін ескертті
фото: Halyq Uni

Мектепке арналған киімге қойылатын барлық талап «Балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімнің қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының техникалық регламентіне cәйкес реттеледі. Осыған орай ДСМ Санитариялық-эпидемиялогиялық бақылау комитеті оқушылардың мектеп формасын аларда осы талаптарға сай болуын қадағалауға шақырды.

Техникалық регламентке сәйкес, ол химиялық, биологиялық қауіпсіздікті (бос формальдегидтің массалық үлесі, гигроскопиялығы, ауа өткізгіштігі) қамтамасыз ететіндей етіп дайындалуға тиіс. Киімге арналған материалдар бояуының орнықтылығына қойылатын талаптарға сәйкес келуі керек.

Есіңізде болсын, бала мектеп формасымен 5-6 сағат немесе одан да көп уақыт өткізеді, сондықтан синтетикалық материалды таңдамаңыз. Ол баланың жүйке жүйесіне әсер ететін статикалық электр энергиясының жиналуына ықпал етеді, яғни тітіркенуді тудырып, тез шаршауға әкелуі мүмкін. Құрамында табиғи талшықтар басым маталардан жасалған өнімді алған дұрыс. Мақта мен зығыр маталарын жаз бен көктемгі уақытқа, жүн мен кашемирді күз бен қыс уақытына таңдаған абзал, - делінген хабарламада.

Сонымен бірге, балалар киімін сатып алғанда, таңбалауды оқып шығыңыз. Ол сенімді, анық, оңай оқылатын, мемлекеттік және орыс тілдерінде болуы керек.

Таңбалау мына ақпаратты қамтуы керек:

  • өнім дайындалған елдің атауы;
  • дайындаушының (дайындаушы уәкілеттік берген тұлғаның), импорттаушының, дистрибьютордың атауы және орналасқан жері;
  • бұйымның атауы;
  • дайындалған күні (айы, жылы);
  • ЕАС белгісі;
  • материалдағы табиғи және химиялық шикізаттың түрі мен салмақтық үлесі (пайыздық құрамы);
  • жүннің түрі және оны өңдеу түрі (боялған немесе боялмаған);
  • бұйымның өлшемі.

Сонымен қатар қажет болған жағдайда:

  • бұйымды күту символдары және (немесе) пайдалану процесінде бұйымды күту ерекшеліктері жөніндегі нұсқаулық;
  • бұйымның түрі (мақсаты);
  • өнімнің қызмет ету мерзімі;
  • кепілді қызмет ету мерзімі;
  • бар болған жағдайда, тауар белгісі.

Сонымен қатар балалар киіміне оның техникалық регламенттер талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттар (сәйкестік сертификаты, сәйкестік туралы декларация) болуы шарт. Сондықтан сатушыдан осы құжаттарды талап етуге хақыңыз бар. Болмаған жағдайда, тауарды сатып алудан аулақ болыңыз. Сондай-ақ мектеп формасын мамандандырылған дүкендерден сатып алу ұсынылады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама