Halyq Uni логотип
×

Көлік нөмірі «хит» болған Асанәлі Әшімов 85 жасқа толды

1937 жылы 8 мамырда Жамбыл облысының Сарысу ауданына қарасты Жайылма ауылында дүниеге келген

 Еркеғали Болатұлы 08.05.2022 | 15:05
Көлік нөмірі «хит» болған Асанәлі Әшімов 85 жасқа толды
фото: ашық дереккөз

Бүгін театр және кино актері әрі режиссер Асанәлі Әшімов 85 жасқа толды. Мерейтой қарсаңында Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев актерге президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізді.

«Сіз отандық кино тарихында ерекше орын аласыз. Бүгінде өнер саласындағы бастамалар мен жобаларды қолдап, насихаттап, жастарға бағыт-бағдар беріп, шетелде еліміздің абыройын асқақтатып жүрсіз», – деді Ерболат Досаев.

Айта кетсек, Асанәлі Әшімов – 1937 жылы 8 мамырда Жамбыл облысының Сарысу ауданына қарасты Жайылма ауылында дүниеге келген. Қазақстан және КСРО Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек ері. Ол «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі», «Жаушы» және басқа да көптеген фильмдерде ең үздік рөлдерді сомдаған.

Таяуда ғана бүгінгі мерейтой иесінің көлігіне мемлекеттік нөмірдің орнына өз есімін жазып алған видеосы әлеуметтік желіні біраз шулатқан еді. Кейін оған қатысты актердің өзі пікір білдірді.

Менің көлік нөмірім әлеуметтік желіде шу болып жатыр. Менімен бірге екі кино түсірілім тобы жүр, сол кино үшін уақытша ғана тағылған. Оны ылғи тағып жүрмеймін, білемін ғой. Тәртіп бұзбасақ, бір мезгіл жарты күнге тағуға болады ғой. Жолда және көшеде түсірді. Бұл менің деректі фильміме шығатын нәрсе, – деді сонда Асанәлі Әшімов.

Ал Қызылорда облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, полицейлер Cadillac автокөлігін мемлекеттік тіркеу белгісі стандартқа сәйкес болмағаны үшін тоқтатқан.

«Тоқтату барысында танымал қазақстандық кино, театр актері, режиссер Асанәлі Әшімовтің 85 жылдығына байланысты деректі фильм түсіріліп жатқаны белгілі болды. Ескерту жасалғаннан кейін автокөлікке сол жерде тиісті мемлекеттік нөмір тағылды», - деп жазылған департамент хабарламасында.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама