«Жүзден астам кенші өлді»: «Арселор Митталға» қарасты шахталарда болған апаттар
Компания жұмыс істеп бастаған уақыттан бері 100-ден астам кенші қаза тапты
«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы Қазақстанда жұмыс істеп бастаған уақыттан бері көмір шахталарында болған апаттан 100-ден астам кенші қаза тапты, деп хабарлайды Halyq uni.
Бұл компанияның тарихында алғашқы апат 1995 жылы «Ленин» шахтасында болды. Жарылысқа көмір мен газдың кенеттен бөлініп, содан кейін метан мен ауа қоспасының жарылуы себеп болды. Нәтижесінде 13 кенші қаза тапты. Тура үш жылдан соң дәл осы шахтада техникалық ақаудың салдарынан газ жарылып, үш адам қаза көз жұмды.
Қазақстанның тарихында көмір шахталарындағы ірі апаттар 2000-шы жылдардың кезеңіне келді. 2004 жылдың желтоқсанында «Шахтинск» шахтасындағы лавада газ жарылды. Жарылыс кезінде ол жерде 89 адам болған, жарылыстың эпицентріне жақын жерде жұмыс істеген 23 кенші бірден қайтыс болды. 2006 жылы қыркүйекте «Ленин» шахтасында қауіпсіздік жүйесі бұзылған желдету құбырларын ауыстыру кезінде жарылыс болып, оның толқыны 4,5 шақырымды қамтыды. Салдарынан 41 адам қайтыс болған еді. Осы қайғылы оқиғаға орай елде аза тұту күні жарияланды.
2008 жылы қаңтарда «Абай» шахтасында жарылыс болып, 30 адам қаза тапты. Жарылысқа шатырды отырғызу кезінде технологияның бұзылып, салдарынан ұшқын туындауы себеп болды. Сондай-ақ осы жылы «Тентек» шахтасында кенеттен газ бөлінуі салдарынан жарылыс болып, бес адам жан тапсырған болатын.
2021 жылдың қарашасында «Абай» шахтасында кенжарлардың бірінде кенеттен метан мен көмірдің шығарылуы салдарынан апат болды. Апат кезінде шахтада 64 адам болған, олардың 8-і апаттық кенжарда жұмыс істеген болатын. Жарылыс кезінде 6 кенші өзін-өзі құтқару құралдарын пайдаланып үлгермей, оқиға орнында қайтыс болды. Тағы екі кенші газбен уланып, реанимацияға жатқызылды.
2022 жылдың 28 қарашасында «АрселорМиттал Теміртаудың» өндіріс мекемесінде апат болды. Былтыр 3 қарашада «АрселорМиттал Теміртау» АҚ «Ленин» шахтасында ірі апат болды. Шахтадағы метан шығарылуы салдарынан жарылыс болды. Ол кезде шахтада болған 106 адамның 5-і қайтыс болып, тағы 9-ы зардап шекті. Сондай-ақ 2022 жылдың 8 желтоқсанында «АрселорМиттал Теміртауда» апат болып, 1 адам көз жұмған еді.
Биыл 5 қаңтада «Арселор Миттал Теміртау» АҚ кәсіпорны аумағында тағы бір жұмысшы қаза тапты. Қайғылы оқиға №2 қаңылтыр тарту цехының химиялық блогындағы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде орын алған. Ер адамды тоқ соғып, есін жимастан көз жұмды.
Бұған қоса 8 тамызда Қарағандыдағы «Шахтинская» шахтасында кенші тау шөгіндісінің астында қалды. Салдарынан шахтада жұмыс істеп жатқан кеншінің кеуде сүйегі сынды. Ал 17 тамызда компанияға қарасты «Қазақстан» шахтасындағы конвейерлік таспа тұтанып, өрт шықты. Апатты жою жоспары іске қосылып, жұмысшылары жер үстіне шығарыла бастаған. Оқиға болған кезде шахтада 227 адам болған. Сағат 13:50-дегі жағдай бойынша 222 кенші жер үстіне шығарылды. Қатты түтіннің болуына байланысты тағы бес кенші шахтадан шыға алмады. Бүгінде үш кеншінің мәйіті табылды. Екі кеншіні іздестіру жұмыстары жүріп жатыр.
Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев «Қазақстан» шахтасындағы өртке байланысты Үкімет пен Қарағанды облысының әкімдігіне апаттың себептеріне тексеріс жүргізуді тапсырды. Сонжай-ақ үкіметке кәсіпорынға иелік ететін шетелдік компаниямен жұмысшылардың қауіпсіздігін мүлтіксіз қамтамасыз ету жөнінде келіссөздер жүргізуді тапсырылды.
Шетелдік компанияға тиесілі кәсіпорындарда жиі қайталанатын апаттар олардың инвестициялық және өзге де міндеттемелерін өрескел бұзғанын көрсетеді. Аталған жағдайлар олардың Қазақстан нарығында қызмет етуіне қатысты шешім шығаруға ықпал етеді, - делінген Ақорда таратқан ақпаратта.
Ал мәжіліс депутаттары, нақты айтсақ AMANAT партиясы фракциясының мүшелері Ерлан Сайыров пен Құдайберген Бексұлтанов «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментінің «Қазақстан» шахтасындағы апатқа қатысты бірлескен мәлімдеме жасаған болатын. Олар компания басшылығын қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етіп отыр.
Бірнеше ескертуге қарамастан, трансұлттық компанияның басшысы, Миттал мырза отандастарымыз апатқа ұшырамауы, жарақаттанбауы және қаза таппауы үшін тиісті шара қабылдауға мүлде тырыспады. Біз бұл сөзімізді Үкіметке қарата айтып отырмыз: есеп айырысатын кез келді! Миттал мырзамен жолымыз бір емес! Онымен қоштасатын уақыт келді, - делінген мәлімдемеде.
Белгілі болғандай, соңғы апат болған «Қазақстан» шахтасында жақында тексеріс болып, бірқатар заңбұзушылық анықталған. Тексеріс бір апта бұрын аяқталған.
Биыл шілде айында мемлекеттік органдардан «Қазақстан» мен «Тентек» шахтасындағы газ дренажды ұңғымаларын бұрғылау фактілер бойынша шағым түсті. Осыған байланысты биыл 31 шілдеден 11 тамызға дейін тексеру жүргіздік. Газ дренажды ұңғымаларын бұрғылау жұмыстарын жүргізу кезінде шамамен 40-қа жуық бұзушылық анықталды. Тексеріс нәтижесі бойынша талап арыз материалдары сотқа жіберілді. Қазір материалдар газдренажды ұңғымаларын бұрғылауды тоқтату үшін экономикалық сотта қаралып жатыр, - деді ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Кеңгірбай Есенеев.