29 жастағы ер адам заңды некедегі 27 жастағы әйелін мас күйінде белгісіз себеппен ұрып-соғып өлтірген
Қызылорда қаласында адам өліміне алып келген оқиға барысында қызметтік әрекетсіздік көрсеткен полицейге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өткен жылдың қыркүйек айында Қызылорда қаласында 29 жастағы ер адам заңды некедегі 27 жастағы әйелін мас күйінде белгісіз себеппен ұрып-соққан. Салдарынан азаматша алған ауыр дене жарақатынан қайтыс болды.
Бұл қылмыстық іс Қызылорда қаласының №2 сотында қаралды. Сотталушы Қ. ҚР Қылмыстық кодексінің 370-бабының 4-бөлігінің 1)-тармағында /құқық қорғау органының қызметкері бола тұра, басқа адамдар үшін пайда мен артықшылықтар алу және басқа адамдарға зиян келтіру мақсатында өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн орындамай, соның салдарынан адамның құқықтары мен заңды мүдделерін ауыр зардаптарға алып келіп, қызметтегі әрекетсіздік жағдайы бойынша жазаға тартылды.
Туған күн кешін тойлау барысында кафе алдында Ш., О. және С. арасында айқай-шу болған. Түнгі мезгілде тұрғындардың қалыпты демалысына кедергі жасалып, қоғамдық тыныштық бұзылған.
«Оқиға орнына кезекшілікте жүрген Қ. түнгі мезгілде қоғамдық тыныштықты бұзған азаматтарды әкімшілік жауаптылыққа тартпаған. Оның орнына, өзіне жүктелген қызметтік міндеттемелерді орындамай, әрекетсіздік танытқан. Құқық бұзушылықтың алдын алу, болдырмау, анықтау, жауапқа тарту шараларын атқармаған. Қызметтік әрекетсіздіктің салдары Ш.А.-ның өліміне алып келген. Сотталушы Қ-ның кінәсі, жәбірленуші және куәлердің жауаптарымен, беттестіру хаттамаларымен, ЖБО-нан алынған бейнежазбамен және сот-медициналық сараптама қорытындысымен, ЖТӘ-3 нәтижесімен, ұялы телефон детализациясымен және басқа да істегі жинақталған құжаттармен толық дәлелденді», - делінген Қызылорда облыстық сотының хабарламасында.
Мемлекеттік айыптаушы соттан сотталушы Қ.-ны 6 жылға бас бостандығынан айыруды, жәбірленушінің өкілі және қорғаушысы 7 жылға бас бостандығынан айыруды, материалдық және моралдық шығын өндіруді сұрады.
Сотталушы және оның қорғаушысы ақтау жөнінде ұсынысын жеткізді.
«Қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар анықталмаған. Өзi берген кәсiби антын бұза отырып, қылмыстық құқық бұзушылық жасауын жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайлар деп тапты.
Сотталушы Қ. кінәлі деп табылып, оған 5 (бес) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұдан бөлек, сотталушы Қ. мемлекеттік ұйымдарда лауазымдарды атқаруға өмір бойына айырылды. Азаматтық талапкердің талап арызы ішінара қанағаттандырылды. Сот үкімі заңды күшіне енбеген», - деп толықтырды облыстық соттан.