×

Ресей Қазақстанға Қошқарбаев туралы мұрағат құжаттарын табыстады

Оларды ашық жариялауға бюрократиялық кедергілер де болыпты

 Еркеғали Болатұлы 08.05.2022 | 10:35

7 мамыр күні Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігі Қазақстан Қарулы күштерінің мемлекеттік әскери-тарихи мұражайына мұрағат құжаттарының көшірмесін табыстады.

«Бұл материалдар – лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер Григорий Булатовтың ерлігінің дәлелі. Олар 1945 жылы 30 сәуірде бірінші болып Рейхстагқа Жеңістің қызыл туын тікті», - делінген елшілік хабарламасында.

Салтанатты шараға Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин, Қазақстан Қарулы Күштері бас штабы бастығының орынбасары, генерал-майор Серік Борамбаев, Нұр-Сұлтандағы Русский дом қызметкерлері қатысты.

Еске сала кетсек, 1945 жылы 30 сәуірде Рейхстагқа шабуыл кезінде оның қасбетіне алғашқы болып 150-атқыштар дивизиясы, 674-атқыштар полкінің жауынгерлері Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың ту тіккені мәлім. Ол туралы РФ Сыртқы істер министрлігінің өзі биыл Instagram-дағы парақшасына жариялады.

30 сәуір күні таңертең 150-ші және 171-ші атқыштар дивизиясы бөлімдері Шпре өзенінен өтіп, Рейхстагқа жақындады. Саперлар күндіз өзен арқылы өтетін көпірді тазалап, оны мықтап бекіттік, өз кезегінде бұл ғимаратқа танктер мен артиллерияны тартуға мүмкіндік берді. Пулемет пен артиллерияның тоқтаусыз атқылауына қарамастан, ғимаратқа өтуге тырысқан батырлардың арасында 20 жастағы лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен 19 жастағы жауынгер Григорий Булатов болды. Жауынгерлер өздерімен бірге қолдан жасалған қарапайым қызыл кенеп туын алып жүрген еді. 150-ші дивизияның жауынгерлік журналындағы жазбаға сәйкес, сағат 14:25-те Булатов пен Қошқарбаев ғимараттың орталық бөлігіне бауырмен жорғалап өтіп, басты кіреберістің баспалдағына қызыл туды тіккен. Бұл Рейхстагқа көтерілген тулардың алғашқысы болды, – делінген РФ СІМ жазбасында.

Кезінде бұл ерлікті Рақымжан Қошқарбаев өз естелігінде де жазған болатын.

«Рейхстагқа жақындап қалғанда мен тудың төменгі бір бұрышына аты-жөнімізді «Булатов, Қошқарбаев» деп жазып қалдырдым. Жанымда отырған Гриша (Григорий Булатов, - ред.) маған: «Жолдас лейтенат, жазғаның дұрыс болды. Алда-жалда бізді өлтіріп кетсе, біздің кім, қайдан екенімізді ешкім білмейді», – деді. Мен оған өлуге уақытымыз жоқ, біз қандай жағдай болса да қызыл туды Рейхстагқа жеткізуіміз және оған ең бірінші болып жетуіміз керек екенін айттым», – дейді қазақ баһадүрі.

Рейхстагты алуда көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін Рахымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов Қызыл ту орденімен марапатталған. Екі жауынгерге де туған елдерінде ескерткіш орнатылған. Қошқарбаевтың Нұр-Сұлтан қаласында, Булатовтың Киров қаласында ескерткіштері бар.

Ресейдің ІІ Дүниежүзілік соғысқа қатысты ақтаңдақтар ақиқатын мойындауы жалғыз бұл емес. Сондай-ақ биыл Қазақстан Қарулы күштерінің мемлекеттік әскери-тарихи музейінде Мәскеу үшін шайқасқа қатысқан қазақстандық жауынгерлер туралы мұрағат құжаттары тапсырылды. Ал оған дейін Ресей мемлекеттік саяси-әлеуметтік тарих мұрағатының құпия құжаттары – Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлына қатысты деректер немере інісі Бекет Момынқұлға табысталған еді.

Бұл ретте барлық құжаттың құпия белгісі болған. Оларды ашық жариялауға бюрократиялық кедергілер де болыпты. Сөйте тұра барлық мәселе оң шешімін тауып, мұрағат құжаттары қазақ еліне уақытында жеткізілді.

Бір қызығы, биыл Бурабай ауданының әкімі Ресейдің өзі мойындаған қазақ батырларының есімін Щучинск көшелеріне беруді құптамайтын сыңай танытып, ол видеосы әлеуметтік желілерге тарап кеткен еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама