Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында елімізде 1 қыркүйектен бастап ай сайынғы мемлекеттік шәкіртақы мөлшері өседі, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Үкімет баспасөз қызметінің мәліметінше, бакалавриат студенттерінің шәкіртақысы 20%, магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы 15%, ТжКБ студенттерінің шәкіртақысы 50% артқан. Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкіметтің тиісті қаулысына қол қойды.
Қаулыда белгіленген шәкіртақы мөлшері төмендегідей:
- докторанттарға (оның ішінде «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша) – 217 500 теңге;
- даярлаудың «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша резидент-дәрігерлерге және магистранттарға – 111 579 теңге;
- магистранттарға – 97 024 теңге;
- интерндерге – 75 890 теңге;
- жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында даярлаудың педагогикалық және «Денсаулық сақтау» бағыттары бойынша білім алатын студенттерге – 67 200 теңге;
- даярлаудың педагогикалық бағыттары және «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша білім алатын студенттерді қоспағанда, жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алатын студенттерге – 41 898 теңге;
- техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмысшы біліктіліктері бойынша оқитын студенттерге – 32 681 теңге;
- техникалық және кәсіптік (орта буын мамандарын даярлауды көздейтін), орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алатын студенттерге – 31 422 теңге.
Қаулы 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енеді.
Сонымен қатар, мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында келесі айдан бастап мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту педагогтерінің жалақысы 30 пайыз өсетін болады.