Halyq Uni логотип
×

Адам саудасына байланысты 111 қылмыс анықталды – ІІМ

Мемлекет басшысы ведомство басшысы Марат Ахметжановты қабылдады

 Динара Амантай 17.08.2023 | 13:20
Адам саудасына байланысты 111 қылмыс анықталды – ІІМ
Фото: akorda.kz

Президентке еліміздегі криминогендік ахуал жөнінде және 30 маусымда өткен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында берілген тапсырмалардың орындалу барысы туралы мәлімет берілді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаевқа қылмыс санының азайғаны жөнінде баяндалды. Марат Ахметжановтың айтуынша, кісі өлтіру, бұзақылық, ұрлық, қарақшылық, тонау, мал ұрлығы, денсаулыққа ауыр зақым келтіру және басқа да қылмыстар айтарлықтай азайған.

Президентке елордада іске асырылып жатқан CyberPol жобасының нәтижелері таныстырылды. Жоба интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимылды жетілдіруге бағытталған.

Сонымен қатар министр есірткі қылмысына қарсы күрес бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың қорытындысы туралы есеп берді. Жыл басынан бері құқық қорғау және арнаулы органдардың бірлескен күш-жігерінің нәтижесінде 14,3 тонна есірткі, соның ішінде 71,5 келі героин, 652 келі синтетикалық есірткі тәркіленді. Сондай-ақ 52 есірткі зертханасын жойылып, 85 тонна прекурсор тәркіленді.

Бұдан бөлек, ұйымдасқан қылмыстық топтардың әрекеттері бойынша 37 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Адам саудасына байланысты 111 қылмыс анықталды.

Президентке отбасылық-тұрмыстық салада зорлық-зомбылық жасағандарға қатысты жауапкершілікті қатаңдату шаралары туралы да айтылды. Қазір мұндай құқықбұзушылықтар жәбірленушінің арыз-шағымынсыз тіркеліп, іс қозғала береді.

Мемлекет басшысына жол-көлік оқиғаларының алдын алу және шетелдік автокөліктерді заңдастыру жұмыстарының нәтижелері туралы баяндалды.

Кездесу соңында президент құқық қорғау органдарына азаматтардың конституциялық құқықтарының қатаң сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаев ІІМ басшылығына құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыру жөнінде бірқатар міндет жүктеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама