Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы шаралар жоспарын бекітуге 1 апта уақыт берілді
Кеңесте отбасы құндылықтарын насихаттау бойынша 5 жүйелі бағыт қарастырылды
Кеше премьер-министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың төрағалығымен тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы бойынша кеңес өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Кеңеске орталық мемлекеттік органдар басшыларының орынбасарлары мен Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева қатысты.
Кеңесте тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасының іс-шаралар жоспарының қайта қарау жобасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау шараларын заңнамалық тұрғыда күшейту, сондай-ақ 2023-2024 жылдарға арналған отбасы құндылықтарын насихаттау бойынша 5 жүйелі бағыт қарастырылды.
Олар:
1. Профилактикалық шаралар (қиын жағдайға тап болған отбасы мен адамдарды анықтау, олардың алғашқы оңалту шаралары);
2. Инфрақұрылымды кеңейту: қайталама, үшінші реттік оңалту, реинтеграция;
3. Мамандармен қамтамасыз ету;
4. Заңнама;
5. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары.
Жиналыс қорытындысы бойынша, Тамара Дүйсенова мемлекеттік органдарға бір апта ішінде айтылған ескертулер мен ұсыныстар бойынша іс-шаралар жоспарын қайта пысықтауды тапсырды. Тамыз айының соңына дейін іс-шаралар жоспарын бекіту жоспарланып отыр.