Ұсталғандардың басым бөлігі – есірткіге тәуелділер
Биыл қаңтар-маусымда Қазақстан шекарасында 940 келіден аса есірткі тәркіленді. Бұл туралы ҰҚК Шекара қызметі шекаралық бақылау департаменті басшысының бірінші орынбасары, полковник Ғани Ағаділев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, ҰҚК есірткінің заңсыз айналымының жолын кесу үшін белсенді жұмыс істеп жатыр.
Биыл Қазақстан шекарасында 940 келіден аса ауыр есірткі тәркіленді: героин, «каннабис шайыры», «Ауған шары» және тағы басқа. Мысалы, Түркістан, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарының шекарасындағы өткізу пунктерінен аса ірі көлемде есірткі анықталды. Есірткі контрабандасының барлық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, - деді Ғани Ағаділев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Басқарма басшысы өткен жылмен салыстырғанда есірткі тасымалдау дерегінің артқанын атап өтті.
Есірткі көбінесе оңтүстіктен тасымалданады. 230-дан аса адам ұсталды. Олардың басым бөлігі – есірткіге тәуелді адамдар. Олар есірткінің шағын партиясын тасымалдауға тырысқан. Ірі көлемде есірткі тасымалдаудың 3 дерегі – Түркістан облысының Өзбекстанмен шектесетін өткізу пунктінде, Жамбыл облысының Қырғызстанмен шектесетін өткізу бекетінде тіркелді. Оның ішінде 800 келіден аса есірткі Қазақстанға жеткізілуі керек болған. Қалған бөлігін еліміз арқылы басқа мемлекеттерге жеткізу көзделген, - деді полковник.