×

Астанада Үндістан Тәуелсіздігінің 77 жылдығы мерекеленді

Салтанатты іс-шараға 200-ден аса адам қатысты

 Дәурен Ерболат 15.08.2023 | 18:35
Фото: Үндістанның Қазақстандағы елшілігі

Елордадағы Свами Вивекананда мәдени орталығында Үндістан Тәуелсіздігінің 77 жылдығы аталып өтті, деп хабарлады Үндістанның Қазақстандағы елшілігі.

Жиында Үндістанның туы көтеріліп, мемлекеттің ұлттық әнұраны шырқалды. Уақытша сенімді өкіл Дигвиджай Санджай Патил Үндістан президентінің ұлтқа үндеуін оқып берді.

Сондай-ақ іс-шараға Қазақстанның Үндістандағы бұрынғы елшісі (2014-2019 жылдар), Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Нұрсұлтан Назарбаев орталығының басқарма төрағасы Болат Сәрсенбаев та қатысты.

Салтанатты жиында AKAM онлайн-викторинасының жеңімпазы мен жүлдегерлері ақшалай сыйлықпен марапатталды:

  • Бірінші орын – Айгерім Әсемханова;
  • Екінші орын – Айдана Әбдікерім;
  • Үшінші орын – Сағидолла Сәкенов; Динара Тілеміс, Анна Евдокимова, Гауһар Нұрсейіт, Жамиля Нирзабаева, Сандугаш Амнова.

Сонымен қатар мереке қарсаңында Үндістанның мәдени байланыстар кеңесі (ICCR) «Пратибха Сангам» халықаралық би және музыкалық байқауын өткізді. Онда Сания Баженеева (Катхак, Үнді классикалық биі), Жұлдыз Исатаева (Катхак) және Тимур Шаяхметов (Табла – Үнді музыкалық аспабы) жеңіске жетті.

Тәуелсіздік күніне арналған іс-шараны елшіліктің қызметкерлері мен Астанадағы Үнді қауымдастығы ұйымдастырды. Оған 200-ден аса адам қатысты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама