Тергеу барысында істе қылмыс құрамының болмағаны анықталды
Бас прокуратура талдықорғандық журналист Сандуғаш Дүйсеноваға қатысты қылмыстық істің тоқтатылғанын хабарлады.
Айта кетсек, биыл 12 тамызда Сандуғаш Дүйсенованың үстінен қылмыстық іс қозғалғаны (Қылмыстық кодекстің 147-бабы 5-бөлігі бойынша) хабарланған болатын.
«14 тамызда Дүйсенова Жетісу облысының прокуроры Мадияр Басшыбаевпен қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі бойынша жеке қабылданды. Оның дәлелдерін ескеріп, прокуратура зерттеу үшін қылмыстық істі сұратып алды. Қылмыстық кодекстің 147-бабы 5-бөлігіне сәйкес, БАҚ-та дербес деректерді заңсыз тарату салдарынан адамның құқығы мен мүддесіне елеулі зиян келсе, адам қылмыстықтық жауапкершілікке тартылады.
Алайда тергеу барысында жәбірленушіге елеулі зиян келтірілгенін растайтын жеткілікті нақты деректер анықталған жоқ. Осыған байланысты Талдықорған қаласы прокурорының қаулысымен сотқа дейінгі тергеу іс-әрекетте қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты (Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 35-бабы 1-бөлігі 2-тармағы) тоқтатылды, - деп жазылған хабарламада.
Әрекет қылмыстық жауапқа әкеп соқпаса, онда Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте дербес деректерді заңсыз жинау және (немесе) өңдеу үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Сондықтан материалдар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы заңнамаға сәйкес, оларды қарау үшін ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органға жолданды.