Атырауда ыстық су беру тоқтатылды
14 көшедегі тұрғын үйлер мен нысандарға суық беру де тоқтатылған
18 тамызға дейін Атырау қаласының кейбір бөлігінде ыстық су беру уақытша тоқтатылды, деп хабарлады облыстық энергетикалық кешеннің баспасөз қызметі.
Қазір қалада жылу пункттерінің жабдықтары жөнделіп жатыр.
Тұрғындарға «Атырау жылу желілері» АҚ-ның жылу пункттерінің жабдықтарын тексеруге байланысты жөндеу жұмыстары жүргізілетінін хабарлаймыз. Бұл – кәсіпорынның күрделі жөндеу жоспарына сәйкес атқарылатын жұмыс. Сондықтан 14-18 тамыз аралығында жекелеген мекенжайлар бойынша ыстық су беру уақытша тоқтатылады, - деп жазылған хабарламада.
Бүгінде 3 жылу пунктінде жабдықтарды жөндеу басталған. Осыған байланысты «Ұшқын» орталық жылу пунктінен Азаттық, Қарымсақов, Стахановцев, М.Әуезов, Молдағалиев, Шәріпов, 8-наурыз көшелеріндегі 30, «Вокзал маңы-5 шағын ауданындағы №56 жылу пунктіне қарайтын 29, М.Баймұханов көшесінде орналасқан 3 тұрғын үйге ыстық су беру тоқтатылды.
Сондай-ақ «Лесхоз» орталық жылу пунктінен «Лесхоз» шағын ауданындағы 38, ал Медеубаев көшесіндегі 1 үйдің тұрғындары ыстық сусыз отыр.
Бүгін Әлия Молдағұлова көшесіндегі Д-355 мм су құбырында апаттық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қолға алынды. Сондықтан сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін осы маңдағы 14 көшеде орналасқан тұрғын үйлер мен кеңселерге, өзге де нысандарға салқын су беру тоқтатылды.