Жеке құрам жүйелі түрде жауынгерлік дайындықты пысықтайды
Қасым-Жомарт Тоқаев Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде Қарулы күштерді жоғары технологиялық қару-жарақпен және техникамен қамтамасыз етуге үлкен мән беретінін атап өтті, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Президенттің айтуынша, нақты ұрыс қимылдарында тиімділігін дәлелдеген қару үлгілерін сатып аламыз және ол үлгілерді отандық кәсіпорындарда шығарамыз.
«Бүгінде армиямыз әлемдік стандартқа сай жабдықталған. Сонымен қатар жаңа жаһандық сын-қатерлер Қарулы Күштеріміздің жауынгерлік қабілетін арттыру үшін оңтайлы шешімдер іздеуді талап етеді. Сондықтан, менің тапсырмам бойынша жоғары мобильді және гибридті соғыстар жүргізуге қабілетті арнайы операциялық жасақтар құрылды. Әлемдегі соңғы оқиғалардың тәжірибесін ескере отырып, біз әскери іс-қимылдардың стратегиясы мен тактикасын үнемі жетілдіріп отырамыз. Жеке құрам жүйелі түрде жауынгерлік дайындықты пысықтайды, ауқымды оқу-жаттығулар өткізіледі. Болашақ офицерлерді даярлаудың заманауи жүйесі құрылды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.