×

Тоқаевтан екінші Елбасы жасаудың қажеті жоқ - сенатор

Депутат конституциялық өзгерістердің түпкі мақсатын түсіндірді

фото: видеодан скриншот

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізу туралы шешіміне Сенат депутаты Бейбіт Исабаев пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі

Депутаттың айтуынша, бұл Жаңа Қазақстанды әділдік жолына жолына бастайтын алғашқы қадамдардың бірі. 

«Конституциялық өзгерістердің түпкі мақсатын, терең мән-мағынасын әлі толық түйсініп үлгере алмай жатқан болармыз, бірақ менің ойымша, мұны «Жаңа Қазақстанды» әділдік жолына бастайтын Тоқаевтың алғашқы қадамы деп қабылдауға негіз бар. Бірақ болмай жатып, жасамай жатып ешкімді мадақтамайық, мақтанбайық, масаттанбайық. Тоқаевтан екінші Елбасы жасаудың қажеті жоқ. Өйткені мұның мемлекетті басқару ісінде қажет емес екендігін тіпті қаншалықты қауіпті екенін көрдік. Көне түркі елінің көсемі болған Күлтегіннің сөзі бар «Бегі мен халқының арасында ынтымағы жоқ жерде, ағасы мен бауыры дауласқан, бегі мен қарашасы жауласқан ел өзінің бірлігінен айырылады» деген», – дейді Бейбіт Исабаев.  

Депутат сондықтан да біз үшін елдің бірлігі, мемлекеттің ертеңі ең үлкен құндылық болып табылатын атап өтті.

«Конституцияға белгіленген өзінің мерзімінен кейін президентіміз осы өзгерістердің бәрін нақты жүзеге асырып, өзінен кейін сайланатын «Жаңа Қазақстанның» басшысына экономикасы қайтадан түзелген, еңсесі көтерілген елді, халық алдындағы жауапкершілікті сезінген билікті, ойы толысып есейген қоғамды табыстаса, бұл қазіргі президентіміздің мемлекет алдындағы, ел алдындағы тарихи миссиясын орындауы деп білемін. Және бұл біздің еліміздің болашақ дамуында алдағы мемлекет басшыларына жаңа бір үлгі, сабақтастық болар еді деп санаймын», дейді сенатор.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама