Қайғылы оқиға таңғы сағат 5:30-да Көкшетау-Рузаевка тасжолында болды
Ақмола облысында жантүршігерлік жол апаты. Lexus жеңіл машинасы мен битум әкеле жатқан DAF жүк көлігі бетпе-бет соғылып, бір отбасы қаза тапты, деп хабарлады КТК телеарнасы.
Қайғылы оқиға таңғы сағат 5:30-да Көкшетау-Рузаевка тасжолында болды. Лексуспен Қостанайдан келе жатқан 42 мен 38 жастағы ерлі-зайыптылар мен олардың 14 жастағы баласы сол жерде тіл тартпай кетті. Соққының қатты болғаны сонша, жеңіл машина отқа оранып сау тамтығы қалмады. Ал жүк көлігінің жүргізушісі түрлі дене жарақатымен облыстық ауруханада жатыр. Жол апатының себебі мен кінәлі сараптамадан кейін белгілі болады.
«Lexus жеңіл көлігі Қостанай қаласынан түнде шыққан. Көкшетаудан 39 шақырым асқанда DAF жүк көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Үш адам мерт болды. Үшеуі де бір отбасынан. Сот-медициналық сараптама тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу басталды», - деді Ақмола облысы ПД басқарма бастығының орынбасары Уәлихан Жүнісбеков.