Зардап шеккендер жоқ
Бүгін сағат 13:22-де 101 пультіне Ақтөбе қаласының Жаманқұлов көшесіндегі бес қабатты тұрғын үйлердің бірінде өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Бірінші қабаттағы пәтерде үй заттары өртенді, деп хабарлайды Ақтөбе облысы ТЖД баспасөз қызметі.
Шақыру орнына келген өрт сөндірушілер өртті сөндіруге және тұрғындарды эвакуациялауға кірісті.
Барлау жүргізу кезінде өрт сөндірушілердің жедел әрекеттерінің арқасында құтқару қалпақтарының көмегімен 4 адам құтқарылды. Сонымен қатар баспалдақ маршы арқылы 40 адам, оның ішінде 10 бала эвакуацияланды, – делінген хабарламада.
Өрт сағат 13.47-де сөндірілді. Өрт алаңы 20 шаршы метрді құрады. Зардап шеккендер жоқ, өрттің себебі анықталуда.
Өртті сөндіруге Ақтөбе облысы ТЖ департаментінің 26 өрт сөндіруші мен 6 бірлік техникасы жұмылдырылды. Сондай-ақ, өрт орнына Апаттар медицинасы орталығы филиалының бригадасы барды.
Ақтөбе облысы ТЖД азаматтарды өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырады.