Бүгін – құрылысшылардың кәсіби мерекесі
Бұл мерекенің тарихы Кеңес Одағы кезінен басталады
Қазір Қазақстанда құрылыс саласы қызметкерлерінің күні аталып өтіп жатыр.
Құрылыс саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі жыл сайын тамыз айының екінші жексенбісінде тойланады. Ол Үкіметтің 2017 жылғы 31 қазандағы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер тізбесін бекіту туралы» №689 қаулысымен бекітілген.
КСРО ыдырағаннан кейін кәсіби мерекені Арменияда, Беларусьте, Қырғызстанда, Ресейде, Украинада құрылысқа тікелей қатысы бар барлық азамат жыл сайын осы күні атап өтеді.
Бұл мерекенің тарихы Кеңес Одағы кезінен басталады. 1955 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен жаңа кәсіби мереке белгіленді. Екінші дүниежүзілік соғыс біткеннен кейін мемлекетті қалпына келтірген, Отан игілігі үшін еңбек еткен құрылысшылардың еңбегіне мемлекет тарапынан құрмет көрсетілді.
Дәстүр бойынша бұл күні немесе бір күн бұрын құрылыс саласының ардагерлері құттықталып, алдыңғы қатарлы құрылыс компаниялары мен салада еңбек сіңірген қызметкерлер марапатталады. Осы мақсатта «Құрметті құрылысшы» төсбелгісі тағайындалды.