4, 5 және 9 жастағы үш ұл бала, 35 және 69 жастағы әйелдер мен 33 жастағы ер адам зардап шеккен
Павлодар маңында шетелдік көлік жол бойында жайылып жүрген жылқыларға соқтығысып, салдарынан 6 адам зардап шеккен. Бұл туралы Pavlodarnews.kz хабарлады.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты 10 тамызда сағат 23:45-те Ленин – Курчатов тасжолының 7-шақырымында болған.
Nissan Cefiro жүргізушісі екі жылқыны соққан. Жануарлар жол бойында қараусыз жайылып жүрген. Оқиға салдарынан 3 бала мен 3 ересек дене жарақатымен Павлодар ауруханасына жеткізілді, - деп жазылған хабарламада.
Бұған дейін аймақтағы денсаулық сақтау басқармасы 4, 5 және 9 жастағы үш ұл бала, 35 және 69 жастағы әйелдер мен 33 жастағы ер адам зардап шеккенін хабарлаған болатын.
Жылқылардың иесі Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 408-бабының 2-бөлігі («Жеке тұлғалардың мүлкіне зиян келтіруге әкелген ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелерін бұзу») бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ол 10 АЕК, яғни 34 500 теңге көлемінде айыппұл төлеуі керек.