Орталық биыл ашылды
Қазақстан Республикасы Президент іс басқармасы Медициналық орталығының ауруханасы мен «Қазақстандық спортшылар одағы» РҚБ ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Енді аурухананың спорттық медицина орталығында отандық спортшылар консультациялық-диагностикалық және хирургиялық қызметтерді тегін ала алады. Бұл туралы Астана қаласының әкімдігі хабарлады.
Меморандумға қол қойылған соң, ҚР ПІБ МО ауруханасының спорттық медицина орталығының басшысы Асқар Баймұхаметов аталған құжаттың мәні мен маңызын айтса, «Қазақстандық спортшылар одағы» РҚБ төрағасы Азамат Қарлығашев бұрынғы және қазіргі спортшыларға көмек көрсеткені үшін ҚР ПІБ МО ауруханасының басшылығына алғыс білдірді.
Спортшыларымыз мен спорт ардагерлері енді сапалы медициналық көмек ала алатынына қуаныштымын! Елімізде спортшылар сапалы және өте қажет медициналық көмек ала алмай жатады.
Денсаулық біздің – басты капиталымыз. Онсыз спортшы мансабын әрі қарай жалғастыра алмайды. Ал мұндай жағдайлар бізде өте көп кездеседі, – деді Азамат Қарлығашев.
Бұл мәселенің өзектілігін «Қазақстан спортшылар одағы» РҚБ Төралқа төрағасы, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев те растады.
Мен спортты тастап кеткен біраз адамды білемін. Спортшылар үшін мұндай мүмкіндік жасалғанына қуаныштымын! Енді спортшыларымыз жарақаттардың салдары үшін қорықпай, сапалы медициналық көмек ала отырып, спортпен шұғылдануды жалғастыра алады деп үміттенемін, – деді ол.
ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының директоры Рустам Албаевтың айтуынша, қазіргі және бұрынғы спортшыларды емдеу, оңалту және қалпына келтіру үшін барлық жағдай жасалған.
Спорттық медицина тек операциялар ғана емес, ең алдымен ауру мен жарақатты алдын алумен де айналысады. Аурухана базасында 2023 жылдың ақпанында Спорттық медицина орталығы ашылды.
Орталық дәрігерлері жыл сайын шетелде біліктілігін арттырады.
Жақында дәрігерлер Испанияда, Кирон Салюд ауруханасында үлкен лига футболшыларына операция жасайтын әйгілі профессор Рамон Кугаттың қол астында оқыды. Барлық әдіс-тәсілдер осында жеткізілді, белсенді жұмыс істеуде. Сондай-ақ спорттық медицина орталығында спортшылар кеңес алып, операция жасатып қана қоймай, Қазақстанның кез келген азаматы ТМККК және МӘМС шеңберінде осы қызметтерді ала алады.