Түркістандық көкпаршылар ел чемпионы атанды
Финалда оңтүстіктен келген көкпаршылар қарсыластарын жеңіп, еліміздің 9 дүркін чемпионы атанды
Қостанайда көкпардан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты аяқталды.
Еліміздің 15 өңірінен келген командалар бір апта бойы өзара мықтыны анықтады. Дүбірлі доданың ақтық сынында Қарағанды, Түркістан облыстарының көкпаршылары кездесті.
Финалда оңтүстіктен келген көкпаршылар қарсыластарын жеңіп, еліміздің 9 дүркін чемпионы атанды. Ал үздік үштікті Алматы мен Шымкент қалаларының құрамалары қортындылады.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы диплом, кубок, медаль және ҚР Ұлттық спорт Қауымдастығы тағайындаған ақшалай сылықтар табысталды.
Айта кетейік, аталмыш жарыстың ұйымдастырушылары – Мәдениет және спорт министрлігі, Қостанай облысының әкімдігі, ҚР Ұлттық спорт Қауымдастығы және республикалық «Көкпар» федерациясы. Ал чемпионаттың бас серіктесі – «Самұрық Қазына» АҚ, серіктесі – «Sportqory» спортты қолдау қоры.
Еске сала кетсек, бүгінде ҚР Ұлттық спорт Қауымдастығының құрамына 9 спорт федерациясы (Бәйге, Көкпар, Аударыспақ, Жамбы ату, Теңге ілу, Құсбегілік, Дәстүрлі садақ ату, Асық ату, Тоғызқұмалақ) кіреді. Қауымдастық президенті – Исламбек Салжанов.