Жаңа автобустар барлық қажетті құралдармен жабдықталған
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында еліміздің өңірлеріне 415 жаңа мектеп автобусы жеткізілді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Түркістан, Қызылорда және Павлодар облыстарының мектеп автопаркі толықтырылған.
Биыл алғаш рет өңірлердегі мектеп оқушыларын тасымалдау үшін білім ошақтарын автобустармен біржолғы қамтамасыз ету міндеті жан-жақты қаралды. Ескірген автопаркті ауыстыру және автокөліктің жеткіліксіз санын алып тастау туралы мәселе шешілді. Қазір облыстың жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, қалған автобустарды өңірге жеткізу бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді ведомствоның баспасөз хатшысы Мереке Нұрмұханова.
Айта кетсек, жаңа автобустар қауіпсіздік белдіктері бар балалар орындықтарымен, балаларды салонда қалдырудың алдын алу жүйесімен, салонның артқы жағында апаттық шығу жолымен, балалардың бар екендігі туралы сигнал беретін арнайы шамдардың болуымен және балаларды тасымалдау процесінде шамдардың тұтануымен жабдықталған.