Қазақстандағы мұнай өңдейтін үш компания да қалыпты жұмыс істеп тұр
9 желтоқсанда бірқатар БАҚ-та Шымкент қаласы мен Түркістан облысының жанармай құю бекеттерінде бензин тапшылығы туындағаны туралы ақпарат тарады.
Осыған орай «ҚазМұнайГаз» баспасөз қызметі жауап беріп, қазір қазақстандық үш мұнай өңдеу зауытының бәрі қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді. Компанияның мәліметінше, мұнай өңдеу және мұнай өнімдерін шығару Энергетика министрлігі бекіткен жоспардан тыс орындалып жатыр.
Шымкент мұнай өңдеу зауыты тәулігіне шамамен 6 мың тонна бензин өндіріп шығарады. Зауыттан бензин мұнай берушілердің өтінімдеріне сәйкес уақтылы жіберіліп жатыр және тәулігіне 6 мыңға жуық тоннаны құрайды. Бұл көлемнің шамамен 2 мың тоннасы Түркістан облысына жөнелтіледі, - делінген хабарламада.
Компания өкілдері хабарлағандай, Шымкент өңдеу зауыты тарапынан өңірде бензин тапшылығын тудыратындай еш негіз жоқ.
Сондай-ақ 10 желтоқсандағы жағдай бойынша Түркістан облысының мұнай базаларында 15,4 мың тонна АИ-92 маркалы бензин қоры бар, бұл облыстағы тұтынушыларға 12 күнге жеткілікті.