Halyq Uni логотип
×

Тұрмысы төмен тұрғындардың құқығын қорғау үшін арнайы тексеріс жүргізілді

Биыл 6 айда 44 млн теңгеге 233 айыппұл салынды

 Дәурен Ерболат 11.08.2023 | 10:20
Тұрмысы төмен тұрғындардың құқығын қорғау үшін арнайы тексеріс жүргізілді
Фото: nur.kz

Тұрмысы төмен қазақстандықтардың құқығын қорғау үшін әлеуметтік қорғау инспекторлары 60-тан аса тексеру жүргізді, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік кодекстің күшіне енуіне байланысты биыл 1 шілдеде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнаманың сақталуын бақылауды іске асыратын Әлеуметтік қорғау инспекторлары институты енгізілді.

Әлеуметтік инспекторлар 62 тексеру жүргізді. Оның 45-і жоспардан тыс және 17-сі профилактикалық бақылау шеңберінде.

Мемлекеттік бақылаумен 13 мектеп, жергілікті атқарушы органдардың 8 аудандық бөлімі және жергілікті атқарушы органдардың облыстық басқармалары, 8 әкімдік, 7 дүкен, 4 сауда орталығы, 3 медициналық-әлеуметтік мекеме, 3 аурухана, 2 банк бөлімшесі, 3 Қазпошта бөлімшесі, 1 фитнес-клуб, 1 санаторий, 1 университет және тағы басқа қамтылды.

Мәселен, Жетісу облысы бойынша Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің департаменті «Дәулет», «ЦУМ», «ГУМ», «Мактуб», «Шолпан» сауда үйлерінде, сондай-ақ «Асыл қазына» кітап дүкенінде жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесі бойынша объектілердің меншік иелеріне анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы ұйғарымдар берілді және оларға қатысты әкімшілік жауапкершілік қабылданды, - деп жазылған хабарламада.

Павлодар облысы бойынша Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің департаменті қала тұрғынының өтініші негізінде «Алла» дүкенін, «Дудкина Галина Ивановна» ЖК-ні жоспардан тыс тексерді. Тексеру нәтижесі бойынша жеке кәсіпкерге анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріліп, ол да әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік инспекторлар институты енгізілгенге дейін ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің аумақтық департаменттері биыл бірінші жартыжылдықта 750 тексеру жүргізді. Анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы 533 ұйғарым беріліп, 44 млн теңгеден аса сомаға 233 айыппұл салынды.

Әлеуметтік инспекторларды енгізу халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқығын уақтылы қорғап қана қоймай, мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға да ықпал етеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама