×

ІІМ заңсыз айналымнан 8,5 тоннадан астам есірткі тәркіледі

Сондай-ақ 25 қатысушыдан құралған үш ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі жойылды

 Динара Амантай 10.08.2023 | 17:57
Фото: polisia.kz

ІІМ заңсыз айналымнан 8,5 тоннадан астам есірткі тәркіледі, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 1 маусымнан бастап республика аумағында «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Ол есірткіні өсіруге, дайындауға және өткізуге қарсы бағытталған.

Екі айда полицейлер 678 есірткі қылмысын, оның ішінде 299 өткізу фактісін, аса ірі мөлшерде есірткіні сақтаудың 126 фактісін, есірткіні тұтыну үшін притонды ұстаудың 2 фактісін анықтады. Заңсыз айналымнан 8,5 тоннадан астам есірткі, оның ішінде 67 келі героин, 1 тонна 175 келі марихуана, 94 келі гашиш және 23,7 келі синтетика тәркіленді.

Сондай-ақ 25 қатысушыдан құралған үш ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі жойылды. Олардың екеуі – шетел азаматтары. Олардан синтетикалық есірткі өндіруге арналған 72 тоннаға жуық түрлі прекурсор, зертханалық жабдықтар салынған 7 қорап, 40 келі марихуана және 4 келі гашиш тәркіленді. Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында арнайы операция барысында құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсірудің 183 фактісі анықталды, – делінген хабарламада.

Қарасора плантацияларын анықтау үшін Ұлттық ұланның тікұшақтары мен Қорғаныс министрлігінің дрондары қолданылып жатыр. Олардың көмегімен 4 есірткі плантациясы анықталды. Онда қылмыскерлер құрамында тетрагидроканнабинолдың мөлшері жоғары марихуана жасайтын 8 мыңға жуық «үнді қарасорасының» бұталарын өсірген.

Елдің солтүстік өңірі де бақылаусыз қалмады. Павлодар облысының полицейлері 67 келі героин мен 10 келі гашиш контрабандасының жолын кесті. Есірткіні шетел азаматы қарбызға жасырып өтпек болған. 4 есірткі зертханасы анықталды, 11 күдікті ұсталып, 2 тонна прекурсор және 22 келі дайын мефедрон тәркіленді.

«Қарасора» арнайы операциясы жалғасып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама