Мәселеде халықтың пікірі ескеріледі
Астана орталығындағы 4 көше біржақты қозғалысқа ауыстырылуы мүмкін. Бұл туралы қаласы әкімдігі көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Жансұлтан Сапарбаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, Тәуелсіздік даңғылы мен әл-Фараби көшесін жалғайтын көпір пайдалануға берілсе, Мәңгілік ел даңғылына жүктеме азаяды.
Биыл көпірді қазанның соңында немесе қарашаның басында іске қосу жоспарланып отыр. Сондай-ақ қазір Әкімшілік полиция басқармасымен бірлесіп, жұмыс жүргізіп жатырмыз. Достық, Қонаев, Түркістан және Ақмешіт көшелеріне біржақты қозғалысты енгізу мәселесі қаралуда. Бірақ ол үшін аталған көшелерді жөндеу керек, яғни Сарайшық көшесін кеңейтуге тура келеді, - деді Жансұлтан Сапарбаев қалалық мәслихаттың отырысында.
Ол көшелерге біржақты қозғалыс енгізу алдымен зерттеліп, кейін қоғам талқысына шығарылатынын атап өтті.
«Тәуелсіздік көпірін іске қосқаннан кейін бұл мәселеге қайта ораламыз. Жаңа көпірдің қаладағы жол қозғалысын қаншалықты жеңілдетінін байқау керек», - деді басқарма басшысы.