Ауру Қазақстанның барлық өңірінде таралып жатыр
Елімізде вакцина салдырмаған балалар қызылша жұқтырып жатыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі, бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, биыл Қазақстанда қызылшамен сырқаттанушылық көрсеткіші өскен.
Бүгінде қызылшаның 3 037 дерегі тіркелген. Қазақстанның барлық аймағында тіркеліп жатыр. Ауру Алматы қаласы (1 101 дерек), Жамбыл облысы (430), Алматы облысы (352), Атырау облысы (237), Астана (209), Шымкент (194) қалаларында көп тіркелуде, - деді Айжан Есмағамбетова ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Сырқаттанушылық деңгейінің өсуі қызылшаға қарсы жоспарлы вакцина алмаған балалар санының өсуімен байланысты.
Мәселен, ауырғандардың 72%-ы – вакцинацияланбаған балалар. Оның ішінде 60%-ы (1 282) ата-аналардың вакцинациядан бас тартуына байланысты болған, 20%-ының (416) екпе егуге медициналық қарсы көрсетілімдері бар. 20%-ы (431) егу жасына жетпегеннен ауырған, - деді бас санитар дәрігер.
Вице-министр бүгінде қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті:
Вакцинациядан бас тартқан ата-аналарға екпе салдыру балаларды ауыр инфекциялық аурулардан қорғаудың жалғыз жолы екенін тағы да еске салғым келеді, - деді министрдің орынбасары.
Бұған дейін бас санитар дәрігер қазақстандықтарға тамақтан уланбас үшін мейрамхана мен дәмхананы дұрыс таңдауға кеңес берген еді.