Тамақтан уланбас үшін мейрамхана мен дәмхананы дұрыс таңдаңыз – ДСМ
Тамақтан улану дерегі 3 есе өскен
Денсаулық сақтау вице-министрі, бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова қазақстандықтарға тамақтан уланбас үшін мейрамхана мен дәмхананы дұрыс таңдауға кеңес берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бас санитар дәрігер тамақтан улану дерегіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, соңғы кездері халықты әртүрлі дәмханалар, мейрамханалар, фаст-фуд пункттері, оның ішінде білім беру объектілері, балабақшалар мен мектептердегі асханаларда тамақтан улану дерегінің көбеюі алаңдатып отыр.
Соңғы 3 жылда топтық тамақтан уланудың саны 3 есе өсті. Биыл 7 айда жаппай тамақтан уланудың 17 дерегі тіркелді. Зардап шеккендердің саны – 363 адам, оның 140-ы – бала. Бұл – өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе төмен (2022 жылғы 7 айда 26 жағдай тіркелді). 11 жағдайда уланудың себебі қоғамдық тамақтану объектілерімен, 3 жағдайда балалар ұйымдарымен, ал 3 дерек фаст-фуд жеткізу пунктімен байланысты болды», - деді Айжан Есмағамбетова ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Тамақтан уланғандардың 70%-ында диагноз зертханалық деңгейде расталды. Тіркелген фактілер бойынша тергеп-тексеру, ал ошақтарда зертханалық зерттеу жүргізілген.
Қоғамдық тамақтану объектілерінде жүйелік заңбұзушылақтардың негізгі себебі төмендегідей:
- Объектілерде персонал арасында ішек инфекциясы қоздырғышының анықталуы;
- Объектіге санитариялық-эпидемиологиялық қорытындының және өндірістік бақылаудың болмауы;
- Өнімді дайындау, сақтау және өткізу шарттарын, тамақ дайындаудың технологиялық процесін бұзу, мерзімі өткен және тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжатсыз өнімді пайдалану.
Жаппай тамақтан уланудың барлық фактісі бойынша тергеп-тексеру жүргізілген. Материалдар қылмыс құраманың бар-жоғын анықтау үшін ішкі істер органдарына берілді.
Вице-министр тамақтан улануды болдырмау үшін қарапайым кеңес берді:
- Мейрамханалар мен дәмханаларды мұқият таңдаңыз, тек жақсы деген жерге бару;
- Рецептурасы термиялық өңдеуді, әсіресе теңіз өнімдерін көздемейтін тағамдарға тапсырыс беруден және тұтынудан аулақ болу;
- Үйде тамақ өнімдерін дайындау шарттарын, температуралық режимді және сақтау мерзімдерін сақтау.