Олар қатты қорқып қалған
Ақтоғай ауданында полицейлер өзен жағалауында қалып қойған балаларды құтқарды, деп хабарлады Павлодар облысы ПД баспасөз қызметі.
Ертіс өзенінің жағалауында қалып қойған 2 бала тәртіп сақшыларынан көмек сұраған. Оларды полиция жағажай аумағын патрульдеу кезінде көрген.
Полицейлер қорқып қалған балаларды қайыққа отырғызып, өзеннің арғы жағалауына жеткізді.
14-15 жастағы жасөспірімдер өзеннің арғы жағына ересектердің бақылауынсыз жүзіп барған. Алайда кері жүзуге күштері жетпеген. Сондай-ақ 2 бала қорқып қалған. Мұндай жағдай қайталанбас үшін олардың ата-анасына профилактикалық әңгіме жүргізілді, – деп жазылған хабарламада.
Ата-аналар уақытында көмек көрсеткен тәртіп сақшыларына алғыс айтты.
Полицейлер жүзе білмеу және судағы қарапайым қауіпсіздік ережесін сақтамау қайғылы жағдайға әкеп соқтыратынын ескертеді.