Тарихта үшінші рет: Тоқаев 5 маусымда референдум өткізу туралы жарлыққа қол қойды
Қазақстанда жалпыхалықтық референдум екі рет өткізілген
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 5 маусымда республикалық референдум өткiзу туралы жарлыққа қол қойды.
Жарлыққа сәйкес, республикалық референдум 2022 жылғы 5 маусымда өтеді.
Қазақстан Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы «2022 жылғы 6 мамырда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған «ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңының жобасында баяндалған ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?» деген тұжырымдағы сауал қойылып, республикалық референдумға шығарылады.
Республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткiзу референдумның орталық комиссиясының қызметiн атқаратын Орталық сайлау комиссиясына, сондай-ақ референдумның аумақтық және учаскелiк комиссияларының қызметiн атқаратын аумақтық және учаскелiк сайлау комиссияларына жүктелді.
Үкімет Орталық сайлау комиссиясымен, ҚР басқа да орталық мемлекеттік органдарымен және жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткізу жөнінде қажетті шаралар қабылдайды.
Республикалық референдум – Конституция, конституциялық заңдар, заңдар және мемлекеттiк өмiрдегі өзге де маңызды мәселелерге қатысты шешiм жобалары бойынша жалпыхалықтық дауыс беру.
Еске сала кетейік, Қазақстанда жалпыхалықтық референдум екі рет өткізілді - екеуі де 1995 жылы өткен болатын.