Жалпы 2,3 млн зейнеткер бар
Жыл басынан бері қазақстандықтарға республикалық бюджеттен 1 трлн 924,5 млрд теңге көлемінде зейнетақы төленді, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескеріп, әр алушыға жеке тағайындалатынын еске саламыз.
Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары (бұдан әрі – МЗЖ) төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.
Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60%-на тең болса, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2% артады.
Сіздің өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 80%-ына тең болады.
Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде, яғни 100% белгіленеді.
Егер бір ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір ай болып саналады. Осылайша, міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық аударылса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.
Өз кезегінде қазақстандықтың жасына байланысты зейнетақы төлемінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңдегі орташа айлық табысына байланысты болады.