Тоқаев конституциялық реформа не үшін қажет екенін түсіндірді
Президенттің айтуынша, әрбір азаматтың құқығы қорғалатын мемлекет боламыз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелеріне қатысты бейнеүндеуінде конституциялық реформа не үшін қажет екенін түсіндірді.
«Біз бәріміз бір ел болып Жаңа Қазақстанды, Әділетті Қазақстанды құрамыз. Әрбір азаматтың құқығы қорғалатын мемлекет боламыз. Бәріне бірдей мүмкіндік береміз. Әркім қарым-қабілетіне сай қоғамнан өз орнын иеленеді. Халықтың ой-санасы жаңғырып, өмір салты өзгереді. Біз мемлекеттік жүйені жетілдіріп, қоғам мен биліктің тиімді диалогын орнатамыз. Осылайша, Екінші Республиканы қалыптастырамыз. Конституциялық реформа мұның бәрін табысты жүзеге асыру үшін қажет», - деді президент.
Мемлекет басшысы қазіргі реформаның ерекшелігі – Президенттің өкілеттігін күшейту емес, мемлекетімізді жетілдіру, жаңғырту және нығайту екенін атап өтті.
«Мен баршаңызды елдің ертеңі, ұрпақтың келешегі үшін референдумға қатысуға шақырамын! Ұлт мүддесіне сай бастамаларды қолдайсыздар деп сенемін!», - деді Мемлекет басшысы.