Halyq Uni логотип
×

Тоқаев Екібастұз халқына төтенше жағдайдың болмайтынын айтты (ВИДЕО)

Мемлекет басшысы Үкіметке тиісті тапсырманың берілгенін жеткізді

 Дастан Жұмабекұлы 09.08.2023 | 16:51
Тоқаев Екібастұз халқына төтенше жағдайдың болмайтынын айтты (ВИДЕО)
Фото: ашық дереккөз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұз қаласында жылу электр орталығының жағдайымен танысқан соң жергілікті тұрғындармен кездесті. Кездесуде қала тұрғындары үйлерін жылумен қамтамасыз етудің мән-жайы туралы айтты.

Президент қиын-қыстау жағдайда шыдамдылық танытқаны және апат салдарын жою кезінде азаматтық белсенділік көрсеткені үшін екібастұздықтарға алғыс айтты

Екібастұзға ахуалды көру үшін арнайы келіп отырмын. Өткен қыс оңай болған жоқ. Бәрін көрдім, түсінемін. Дегенмен бәріміз бір ұлт, бір ел ретінде ауызбіршілік танытуымыз керек. Қала тұрғындары осы қиын жағдайда сабырлық танытып, шыдады. Азаматтық позициясын, көзқарасын білдірді. Сондықтан баршаңызға ризашылығымды білдіремін. Үкіметке тиісті тапсырмалар берілді. Тиісті қаражат бөлінді. Сондықтан бәрі ойдағыдай болады деп ойлаймын, – деді президент.

Қала тұрғындары үйлерін жылумен қамтамасыз етудің мән-жайы туралы айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы төтенше жағдай қайталанбауы үшін Үкімет тарапынан барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанын мәлімдеді.

Сонымен қатар тұрғындар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау үшін алғыс айтып, президенттен қаланы абаттандыру және әлеуметтік нысандар салу мәселесін көтерді. Атап айтқанда, Екібастұз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Рамазанов «Шахтер» саябағына күрделі жөндеу жүргізу қажет екенін айтты. Ал көпбалалы ана Аяна Смағұлова қалада балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, олардың жан-жақты дамуына арналған Шығармашылық үйін салып беруді сұрады. 

Мемлекет басшысы тұрғындардың өтініштерін назарға алып, тиісті тапсырма беретінін жеткізді.

Дұрыс айтасыз. Назарға аламыз. Қысқа уақытта Шығармашылық үйін саламыз. Жалпы, бізге ел көлемінде өскелең ұрпақтың игілігі үшін нысандарды көбірек салу керек. Спортпен айналысу керек екенін айтып жүрмін ғой.  Балалаларды спортқа баулу керек. Бірақ ол үшін лайықты спорт алаңдары, стадиондар қажет. Тіпті, ондай спорт нысандар елорда да жетіспейді. Сондықтан әкімдер бұл мәселемен міндетті түрде айналысуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Екібастұз қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Рамазанов Президенттен жылу жүйесіндегі жөндеу жұмыстарын жеке бақылауына алуды және қалалық «Шахтер» саябағын жөндеуді сұрады. Президент қаланы абаттандыру мәселесі шешілетінін айтты.

Орынды сауал. Жалпы, Екібастұз – өте керемет қала. Мен өзім бұл қаланы жақсы көремін. Бұл қаланы абаттандыруды қамтамасыз ету керек. Міндетті түрде. Сондықтан мұндай тапсырманы әкімшілікке беріп жатырмын. Бұл жұмыс орындалады. Бұл мәселе бойынша ешқандай күмән жоқ. Тек қана саябақ емес, басқа мәселелер де бар. Бұл түйткілдердің бәрін міндетті түрде шешу керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Екібастұзға жаңа әкімнің тағайындалғанын, сондықтан жұмыс өте көп екенін ескертті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама