ИИДМ пайдақұмар кәсіпкерлермен күреспек

Дәурен Ерболат

Барлық мүдделі тараптың пікірі ескерілді 

Фото: metalmininginfo.kz

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Көмірдің жекелеген түрлерін экспорттауға айрықша құқық берудің кейбір мәселелері туралы» Үкімет қаулысының жобасын әзірлеуді қолға алды, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Былтырғы жылу беру маусымында еліміздің кейбір шекаралас өңірлерінде халыққа, білім беру және денсаулық сақтау нысандарына, сондай-ақ өзге де әкімшілік ғимараттарға арналған көмірдің тапшылығы байқалған.

Мұндай жағдай ішкі нарыққа арналған көмірді қолжетімді бағамен сатып алып, оны үстеме бағамен экспортқа сатқан пайдақұмар кәсіпкерлердің кесірінен болды.

Осыған байланысты биыл мамырда нарықты тұрақтандыру үшін министр Марат Қарабаев Қазақстаннан көмірді көлікпен әкетуді шектейтін бұйрыққа қол қойған еді.

Алдағы жылыту маусымында осындай келеңсіз жағдайларға жол бермей, энергетикалық қауіпсіздікке қауіп төндірмеу үшін ИИДМ «Көмірдің жекелеген түрлерін экспорттауға айрықша құқық берудің кейбір мәселелері туралы» Үкімет қаулысының жобасын әзірлеп жатыр.

Құжат көмірді елімізден тыс жерлерге пойызбен тас немесе қоңыр көмірді өндіруге келісімшарты жоқ немесе оны байытумен айналыспайтын және мамандандырылмаған бизнес субъектілерінің әкетуіне тыйым салуды көздейді.

Бұл шешім «Атамекен» ҰКП, Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығы және Қазақстанның көмір өндіруші кәсіпорындарымен келісілді.