ТМД II ойындары: Қазақстан қоржынына 1 күміс пен 3 қола жүлде түсті

Дастан Жұмабекұлы

Әзірше спортшыларға алтын жүлде әлі бұйырмай тұр

фото: Мәдениет және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы

Беларусь Республикасында өтіп жатқан ТМД ойындарының бесінші күні Қазақстан құрамасы жеңіл атлетикадан 1 күміс және 3 қола иеленді.

Күміс жүлдені 600 метрге жүгіруден 1,25,56 уақытпен Дмитрий Спаский алса, Ангелина Шрубянец 60 метрге кедергілермен жүгіруден 9,18 уақытпен және ұзындыққа секіруден Андрей Ким 5,97 көрсеткішпен қола жүлдегер атанды.

Сонымен бірге, жарыста 4х200 метр аралас эстафетадан құрамында Юлия Демкина, Ангелина Шрубянец, Андрей Ким және Дмитрий Спаский бар Қазақстан құрамасы үздік үштіктен көрінді.

Қазір жалпыкомандалық есепте 59 алтын, 43 күміс және 23 қола жүлдемен Ресей құрамасы көш басында келеді. Екінші орында – Беларусь спортшылары. Оларда 24 алтын, 24 күміс және 46 қола медаль бар. Үшінші орындағы Өзбекстанда – 8 алтын, 13 күміс және 17 қола жүлде. Төртінші орында 4 алтын, 6 күміс және 14 қола медальмен Әзербайжан спортшылары болса, бесінші орынға Армения тұрақтап отыр. Оларда 1 алтын, 1 күміс және 1 қола жүлде бар. Ал Қазақстан құрамасы 3 күміс, 9 қола жүлдемен әлі алтыншы орында келеді.

Әзірше Қазақстан спортшыларына алтын жүлде әлі бұйырмай тұр.

Бүгін жарыс жолына қазіргі бессайыс, нысана көздеу және еркін күрес балуандары шығады.